Украина президенті Владимир Зеленскиймен жұма күні телефон арқылы сөйлескен АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға қорғаныс үшін Patriot зымыран жүйесі қажет деп мәлімдеді.
"Зеленскиймен жақсы әңгімелестік" деді Трамп журналистерге Air Force One президенттік ұшағына мінер кезде. Зеленский сұраған Patriot кешені туралы сұраққа Трамп: "Бұл оларға қорғаныс үшін қажет... Өйткені оларды қатты атқылап жатыр" деді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зеленский мен Трамп телефон арқылы сөйлестіАқ үй басшысы әуе шабуылынан қорғайтын Patriot жүйесін жоғары бағалап, "тамсандырар қару" деп атады.
Украина осыған дейін АҚШ-қа бірталай мәрте жүгініп, қосымша Patriot жүйелерін сұраған. Киев бұл қару Ресей дрон және зымыран шабуылдарынан қорғануда маңызды рөл атқарады деп санайды. Трамп пен Зеленский арасында болған әңгімеден хабары бар дереккөз Reuters агенттігіне пікір білдіріп, әңгіме "өте жақсы сипатта" болғанын, Украинаға Patriot кешендерін беруді қайта қарау жөнінде үміт пайда болғанын айтты.
Вашингтон жақында Украинаға кей қару түрлерін беруді доғарғаны хабарланған. Оның ішінде Patriot зымыран жүйелері де аталды. Бұл хабар Киевті алаңдатып қойған. Германия қазір АҚШ-пен келіссөз жүргізіп, Patriot жүйелерін Украина беру мақсатымен сатып алу мәселесін талқылап жатыр. Әлі нақты шешім қабылданған жоқ.