Тибет буддистерінің рухани көсемі Далай-лама 90 жасқа толды

Тибет буддистерінің рухани көсемі Далай-лама

Тибет буддистерінің рухани көсемі Далай-лама 6 шілде күні 90 жасқа толды. Қытайдың қарсылығына қарамастан, Далай-лама өзі дүниеден озғаннан кейін де реинкарнация дәстүрі жалғаса беретінін осы аптада растаған, деп хабарлады BBC медиасы.

Жексенбі күні мыңдаған тибет буддисі рухани көшбасшының туған күнін тойлауға Гималайдағы Үндістанның Дхарамсала қаласына жиналған. Тибет күнтізбесі бойынша Далай-ламаның туған күні арнап, оған ұзақ ғұмыр тілеген дұға айту апталығы өткен дүйсенбіде басталған, жексенбіде мерекелік шараға ұласты. Қалың жаңбырға қарамастан дәстүрлі киім киген, екі жағынан екі монах демеп ұстаған Далай-лама көпшілік алдына күлімсіреп шықты деп жазады BBC.

Шараға Үндістан үкіметінің министрлері, Голливуд актері Ричард Гир және мыңдаған діндар буддистер ондаған жылдар бойы қуғында жүрген, әлемдегі бейбітшілікті жақтаушы тұлға ретінде танылған Далай-ламаға құрмет танытуға жиналды.

Осының қарсаңында, сенбі күні өткен салтанатты шарада Далай-лама өз ізбасарларына "денсаулығы жақсы күйде" екенін айтып, тағы 40 жыл, яғни бұған дейін өзі айтқан болжамынан жиырма жылға артық өмір сүретінін жеткізген.

Әдетте туған күнін атап өтпейтінін айтқан Далай-лама дегенмен осы сәтті жан тыныштығы мен жанашырлық жайлы ойлануға себеп еткендерге алғыс білдірді.

Ол өзін "қарапайым будда монахымын" деп атап, 90 жасқа жетіп, өткен өміріне көз жүгірткенде, ештеңеге өкінбейтінін айтқан.

"Материалдық даму үшін еңбек ету маңызды болғанымен, ең бастысы – өзіңе жақын әрі қымбат жандарға ғана емес, баршаға жанашырлық пен мейірімділік арқылы жан тыныштығына жетуге ұмтылу", – деген Далай-лама туған күніне орай жариялаған үндеуінде.

  • Тибет діни түсінігі бойынша, жоғары дәрежелі будда монахы қайтыс болғаннан кейін оның жаны сәбидің денесіне ұялап, қайта дүниеге келеді (реинкарнация) деп саналады. Бұған дейін Далай-лама өзінің келесі реинкарнациясы "еркін әлемде", яғни Қытайдан тыс жерде жүзеге асады деп айтқан. Қазіргі XIV Далай-лама ұзақ уақыт бойы Қытай үстемдігіне қарсы тұрып, Тибеттегі диаспораның автономия үшін күресіне жетекшілік етті. 2011 жылы наурызда Далай-лама қуғындағы Тибет үкіметінің саяси жетекшісі қызметінен кететінін, алайда Тибеттің рухани көсемі болып қала беретінін жариялаған.
  • Тибетті 1950 жылы басып алып, содан бері билік жүргізіп келе жатқан Қытай оны өзінің ажырамас бөлігі санайды. 1959 жылы Пекиннің өктемдігіне қарсы көтеріліс сәтсіз аяқталғаннан кейін Тибеттен Үндістанға қашқан Далай-ламаны Қытайдың коммунистік билігі сепаратист деп атайды. Пекин Далай-ламаның мұрагері діни салт-жоралғылар мен тарихи дәстүрлерге сәйкес, Қытай заңдары негізінде таңдалуы керек әрі оны Қытай үкіметі мақұлдауы тиіс дегенді алға тартады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шыңжаңдағы жағдай басымыздан өткен"