Екі әзербайжандықтың қазасына қатысты Ресейде және Бакуде жасалған сараптамалар сәйкеспейді

Ресейдің Екатеринбург қаласында қаза тапқан әзербайжандық ағайынды Гусейн мен Зияддин Сафаровтардың сүйектеріне Бакуде жүргізілген сараптама олардың өліміне денеге түскен көптеген жарақаттың ауыр салдары себеп болғанын көрсеткен. Әзербайжанда жасалған қорытынды Ресейде жасалған сараптама қорытындысымен сәйкеспейді. Бұл туралы 1 шілде күні өткен баспасөз мәслихатында Әзербайжан денсаулық сақтау министрлігінің сот-медицина сараптамасы және патологиялық анатомия бірлестігінің бас директоры Әдалат Гасанов мәлімдеді.

"Ағайындылардың ешқайсысы өткір затпен я атыс қаруымен өлтірілмеген, оларды доғал затпен ұрып-соққан", – деген Гасановтың сөзін әзербайжандық APA ақпарат агенттігі келтірген.

Сарапшының айтуынша, ағайындылардың сүйегі бірлестікке 30 маусым күні кешке жеткізілген. Тексеру түн ортасында аяқталған.

Әзербайжан Бас прокуратурасы 60 жастағы Гусейн мен 55 жастағы Зияддин Сафаровтардың өліміне байланысты азаптау және ерекше қатыгездікпен жасалған қасақана адам өлтіру баптары бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Баку Екатеринбургтегі әзербайжандарға жасалған рейдтерге байланысты наразылық білдірді

Екатеринбург қаласында "Каспий" мейрамханасының иелері ағайынды Сафаровтар 27 маусымда жергілікті құқық қорғау органдары жүргізген рейд кезінде әзербайжан диаспорасының басқа да өкілдерімен бірге ұсталған. Свердлов облысы бойынша Тергеу комитетінің баспасөз қызметі сол күні құқық қорғау органдары "этнос өкілдерінен тұратын топтың әрекетінің алдын алды" деп мәлімдеді. Тергеу нұсқасы бойынша, олар 2001, 2010 және 2011 жылдары Екатеринбургте жасалған бірқатар кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен ұсталған.

Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі рейдтен кейін ұсталғандар арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар деп мәлімдеп, зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысы бар адамдарды жауапқа тартуды талап етті. Кейінірек Ресейдің Тергеу комитеті ұсталғандардың бірі, алдын ала болжам бойынша, жүрегі қысып қайтыс болған, ал екіншісінің ажалының себебі әлі анықталып жатыр деді.

28 маусым күні Ресей федерациясы Тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин Свердлов облыстық басқармасына әзербайжан азаматтарының ұсталуына және екі адамның қаза табуына қатысты егжей-тегжейлі есеп беруді жүктеді.

1 шілде күні Екатеринбургтегі Ленин аудандық соты 2001-2011 жылдар аралығында жасалған кісі өлтіру істері бойынша айып тағылғандардың бірі Бакир Сафаровты тергеу абақтысына қамау туралы шешім шығарды, деп хабарлады "Медиазона" тілшісі. Басылымның мәліметінше, 29 маусым күні қалалық сот тағы үш адамды – Мазахир, Аяз және Акиф Сафаровтарды қамауға алған. Олардың бірінің адвокаты журналистерге берген сұхбатында қорғауындағы адамды құқық қорғау органы қызметкерлері ұстаған кезде қабырғасын сындырғанын айтқан.

Екатеринбургтегі полиция рейдінен кейін Әзербайжан билігі ел аумағында Ресейдің мемлекеттік және жекеменшік мекемелері ұйымдастырмақ болған барлық мәдени іс-шараларға тоқтау салды. Оған қоса Әзербайжанның парламенттік делегациясы Ресей заң шығарушыларымен бірге қатысады деп жоспарланған Мәскеудегі жиынға барудан бас тартты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әзербайжан Ресеймен байланысты барлық іс-шараны тоқтатты

30 маусым күні таңертең Әзербайжанда полиция Ресей үкіметін қолдайтын "Sputnik Әзербайжан" ақпарат агенттігінің кеңсесінде тінту жүргізді. Тінтуден кейін құқық органдары бас редактор Игорь Картавых пен шеф-редактор Евгений Белоусовты ұстаған. Әзербайжан басылымдары ұсталған екі адамның Ресейдің федерациялық қауіпсіздік қызметімен (ФСБ) байланысы болуы мүмкін деп жазды, бірақ ресми түрде расталған ондай ақпарат жоқ.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 1 шілде күні ресейлік азаматтардың Әзербайжанда қамауға алынуы "Мәскеу мен Бакудың арасындағы қатынастар рухына және жалпыға ортақ ережелерге сай келмейді" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Мәскеу Әзербайжанда ұсталған ресейліктер жақын арада тікелей байланыстардың көмегімен босатылады деп үміттенеді.

Сейсенбі күні Ресейдің сыртқы істер министрлігі Әзербайжанның Ресейдегі елшісі Рахман Мустафаев министрлікке шақыртылғанын және "Баку тарапынан жасалған достыққа жат әрекеттерге" байланысты наразылық елшіге жеткізілгенін хабарлады. Мәскеу Картавых пен Белоусовты дереу босатуды талап еткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бакуде полиция "Sputnik Әзербайжан" кеңсесінде тінту жүргізді

• Ресей мен Әзербайжан арасындағы екіжақты қатынастар былтыр желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшып шыққан "Әзербайжан әуе жолдары" компаниясының жолаушы ұшағы Қазақстан аумағына құлағаннан кейін ушығып кеткен еді. Жиынтығы 38 адам қаза тапқан апаттың негізгі себебі ретінде ұшақ фюзеляжына Грозный аспанында зениттік зымыран бөлшектері тиіп, зақым келтіргені аталды. Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Баку бұл оқиғаны қасақана жасалған әрекет деп санамайтынын, бірақ жауапкершілік "Ресей өкілдерінің мойнында" екенін мәлімдеген.