Accessibility links

Жоғарғы кеңестен "елбасына" дейін. Қазақстан авторитаризм жолына қалай түсті?


Кезекті рет президент болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев инаугурация рәсімінде. Астана, 8 сәуір, 2011 жыл.
Кезекті рет президент болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев инаугурация рәсімінде. Астана, 8 сәуір, 2011 жыл.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанды авторитар саяси режим орнаған ел қатарына жатқызады. Сарапшылар Совет одағы күйреп, тәуелсіздік алған соң Қазақстан аз уақыт демократиялық жүйе құруға талпынды, алайда түрлі себептермен 1990-жылдардың ортасынан бастап авторитаризм жолына түсті деп санайды. Бұған СССР-дегі тоталитарлық саяси мәдениет кінәлі ме, әлде экономикалық қиындықтар осыған алып келді ме? Әлде бұл бүгін 85 жасқа толған Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қалауы болды ма? Куәгерлер не айтады?

"Табанды түрде талап еткен референдум"

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары. 1995 жылдың наурызы. Құрамында бірнеше оппозициялық партия, тәуелсіз кәсіподақ өкілдері бар Жоғарғы кеңес таратылған. Елде заң шығарушы орган жоқ. "Қазақстан халықтары ассамблеясы" (кейін "Қазақстан халқы ассамблеясы" болып өзгерді) деп аталған жаңа құрылған ұйым шұғыл жиын өткізіп, "халық атынан" сөйлеген Жезқазғаннан келген өкіл, сол кездегі "Қазақмыс" кәсіпорнының басшысы Темірлан Урумов Назарбаевтың президенттік өкілетін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастама көтереді.

– Қазақстан халықтары ассамблеясы, тұрақтылық пен ұлтаралық келісім нығайту мүддесін ескере отырып, президент билігі үшін күресте ел ішіне жік түспеуі үшін әрі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа лайықты бәсекелес жоғын ескере отырып, республика президентінен жақын уақытта оның өкілетін 2000 жылдың желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізуді табанды түрде өтінеді, – деді Урумов.

Залда бірінші қатарда отырған Назарбаев қуақылана жымиды.

Қасындағы вице-президент Ерік Асанбаев "Тағы бір конституциялық мерзімге ұзарту керек дейсіз бе?" деп орысша сұрады да, президентке бұрылып қазақшалап: "Нұреке, сіз қалай қарайсыз?" деді.

Нұрсұлтан Назарбаев: "Шешіңіздер, мен үндемеймін" деп келіскендей сыңай танытты.

1995 жылғы 25 наурызда Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясының "табанды түрде өтінуімен" өз өкілетін 2000 жылға дейін ұзарту жөнінде бүкілхалықтық референдум өткізу туралы жарлық шығарады. Ресми мәлімет бойынша 29 сәуірде өткен референдумға тізімдегі сайлаушылардың 91 пайызы қатысып, 95 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін ұзартуды қолдап дауыс берген.

Сарапшылар мен саясаткерлер Қазақстанның авторитаризм жолына түсуі дәл осы кезеңнен басталды деп есептейді және бұдан кейін де Назарбаевтың биліктен кетуге мүмкіндігі болды, бірақ ол Конституцияны өзгертіп, қайта сайлауға түсіп, билік тізгінін уысынан шығармауға тырысты дейді.

"Экономикалық реформада Ресейден озған" Қазақстан

Сол кезде Семей облысының әкімі болған, кейін құқық қорғаушылар "саяси астары бар" деп таныған істермен қудаланып, түрмеге түскен Ғалымжан Жақиянов Азаттыққа берген сұхбатында сол бір кезеңді былай еске алды:

– Облыс әкімдері ішінен мен: "Заң жағынан орынды ма, жоқ па, оны айтпай-ақ қояйық, бірақ бұл бізді автортаризмге әкетіп қалмай ма?" – деп сұрадым. Көрші ел – Түркіменстан да бірнеше ай бұрын Түркіменбашы – Сапармұрат Ниязовтың өкілетін ұзарту жөнінде референдум өткізген. Соны мысалға келтірдім. "Оныкі де қағаз жүзінде бәрі заңды сияқты. Ал шын мәнінде Түркіменстанда қандай авторитар режим екені әсіресе шетелден қарағанда анық болып тұр. Сонда біздің ел де сол жолмен кетіп қалмай ма?" деген күмәнімді ол кісіге сұрақ ретінде қойғанмын. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: "Менің авторитар болатын ешқандай ойым жоқ. Менің қандай демократ екенімді Американың өзі де, басқа елдер де біледі, сондықтан осы ұстанымнан қайтпаймыз. Қазір бізге керегі – экономикалық жағдайға байланысты заңдарды тездетіп өзгертіп алу, парламент мұның бәріне кедергі болып тұр" деді.

Президенттік өкілет мерзімін бес жылға ұзартып алған соң Назарбаев жаңа Конституция жобасын жасатып, ол сол жылы тамызда өткен референдумда қабылданды. Тәуелсіз отандық және шетелдік сарапшылардың біразы жаңа Конституция Қазақстанда президенттік билікті нығайтып, елді біржола авторитаризм жолына салды деп есептейді.

Сол тұста премьер-министрдің орынбасары, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы лауазымдарын атқарған Төлеген Жүкеев 1995 жылғы екі референдумды да серіктерінің арасында "Конституцияға қарсы төңкеріс" деп атап, оған қарсы болғанын айтады.

"Содан кейін біз (Назарбаев екеуміз – ред.) ажырасып, мен кеттім", –деді Жүкеев Азаттыққа берген сұхбатында. Ол 1995 жылы Оңтүстік Кореяға, кейін Иранға елші етіп жіберілген, кейіннен Назарбаев билігіне оппозицияға өткен.

Ал Назарбаевтың өзі жаңа Конституция "барлық билік тармақтарының үйлесімді жұмыс істеуін, заңдардың уақытылы қабылдануын қамтамасыз етті" дейді.

"[Жаңа Конституция] президентке кей заңдарды маңызды деп белгілейтін өкілет берді, парламент оларды бір айдың ішінде қабылдауы тиіс. Қабылданбаған жағдайда заң күші бар жарлық шығады. Сондықтан біз заң шығару жағынан реформаны тездетіп жүргіздік. Еш жерде тоқтап, "жүрейік пе, жүрмейік пе?" деп ойланып қалған жоқпыз. Сондықтан біз әлеуметтік-экономикалық реформалар тұрғысынан барлығын, соның ішінде Ресейді басып оздық", – деп еске алды кейінірек Назарбаев.

Төрт есе ұлғайған экономика

Назарбаевтың сөзінің жаны бар. Қазақстанда нарық экономикасына көшіп, советтен қалған ірі өндіріс орындарын жекешелендіру, шетелден инвестиция тарту аса қарқынмен жүрді. Елге АҚШ-тан, Еуропа мен Азиядан түрлі алпауыт компаниялар ауқымды инвестиция салды. Дегенмен олар негізінен шикізат саласына ден қойды.

"Бізді ол жаққа (нарық экономикасына – ред.) күштеп кіргізген Қазақстанның бұрынғы басшылығына алғыс айтуымыз керек. Ол кезде Польшаның да, Оңтүстік Кореяның да, Қытайдың да, Шығыс Еуропаның да моделін көшіруге тырыстық. Нәтижесінде өзіміздің экслюзив моделіміз пайда болды, оның қателіктері де, жетістіктері де болды. <...> Осындай модельге ауысудың арқасында 1999 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 85 пайызы жеке меншік, тек 15 пайызы мемлекеттік сектор болды. Іс жүзінде бұл бізді 2000 жылдардың басындағы макроэкономикалық секіріске дайындады. 2000-жылдардың ортасында біз экономиканы төрт есе ұлғайттық!", – деді экономист Мағбат Спанов.

Соның арқасында Қазақстан едәуір қаржы ресурсын жинап, Ұлттық қор құрды. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры сияқты даму институттары пайда болды дейді Спанов. Дүниежүзілік экономикалық форум нұсқасы бойынша, Қазақстан дамыған 50 елдің қатарына қосылу мақсатына жете алды. 2010-жылдарға қарай Қазақстан жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі жөнінен бұрынғы СССР-да Балтық елдерінен кейінгі төртінші орынға шықты.

"Жүйелі саяси реформаны қаламаған" Назарбаев

"Одан соң дамыған 30 елдің қатарына қосуды көздейтін 2050 жылға дейінгі стратегияны қабылдадық. Дегенмен бұл жолғы мақсаттың өзі бұлыңғыр, жаңашылдық аз болып шықты, ал оны әзірлеп, ұсынған адамдар біраз шаршап, еркінсіп қалған еді", – деді Спанов.

Оның айтуынша, ең басты қателік – "ел үшін қатты қажет болған саяси өзгерістерден іс жүзінде бас тартқанымыз".

1990-жылдары ақпарат министрі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы сияқты лауазымды қызметтер атқарған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2003 жылы саяси реформалар жүргізуді талап еткен жас саясаткерлер тобына қосылды. Ресейлік "Эхо Москвы" радиосы тілшісінің "Оппозицияға неге өттіңіз?" деген сұрағына ол: "Бұл – объективті процесс. Осында отырған азаматтар (демократиялық реформаларды талап еткен жақтастары – ред.) 2000 жылға дейін елдегі экономикалық, әлеуметтік-саяси реформаларды жүргізумен айналысты. Экономикалық реформалардың алғашқы кезеңін сәтті аяқтадық. Тәуелсіз Қазақстанда саяси тұрақтылықты қалыптастыру мақсатына да қол жеткіздік. Бұл мақсатқа Қазақстан халқы Назарбаевпен бірге жетті десек болады. Бұдан соң екінші кезең – жүйелі саяси реформалар басталуы керек еді. Жүйелі реформалар жасау керек болғанда, ол мұны қаламады. Сонда мемлекеттік қызметтегілердің үлкен тобы отставкаға кете бастады", – деп жауап қатқан еді.

Оппозицияға өтіп, "Ақ жол" және "Нағыз Ақ жол" партияларын басқарған, кейін біріккен оппозиция лидерлерінің бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлын 2006 жылы ақпанда екі көмекшісімен бірге атып өлтіріп кетті.

Конституцияны сан өзгертіп, мерзімінен бұрын сайлау өткізу

– Менің өкілетім 2000 жылдың желтоқсанына дейін. Неге жұрттың бәрі мен өмір бойы орнымда қалып, осы ырғақпен жұмыс істей береді деп ойлайды? Ол үшін темірден жаратылған болу керек шығар. Бұл туралы ешкім ойланбайды да. Қазақстанда ешқандай монархия ешқашан болмайды, менің қыздарым ешқашан маған кеңесші болмайды. Қазақстанда ешқандай [билік] мұрагерлігі де болмайды. Конституцияда қалай жазылды, барлығы солай болады, – деді Назарбаев бұдан кейінгі қоғамдық шарада сөйлеген сөзінде.

Арада үш жылдай уақыт өткенде жаңа сайлаудың төбесі көрінді. Назарбаевтың референдуммен ұзартылған мерзімі бітуге әлі екі жылдай уақыт бар еді. 1998 жылғы қазанда Конституцияға 19 өзгерту бірден енгізілді. Ол өзгертулер бойынша президенттіктен үміткердің жасы 65-тен аспауы керек деген шарт алып тасталды, ал оның қызмет өкілетінің мерзімі бұрынғы 5 жылдың орнына 7 жыл болады деп белгіленді, дауыс беруге сайлаушылардың кемі 50 пайызы қатысуы керек деген талап та заңнан түсіп қалды. "Әлемдегі экономикалық ахуал нашарлауына байланысты елде тұрақтылықты сақтау мақсатында" мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылданды. 1999 жылы қаңтарда өткен сайлауға Назарбаевтың басты бәсекелесі болуы мүмкін деген үміткер Әкежан Қажыгелдин қатыстырылмады.

2000 жылғы маусымда Қазақстанның Конституциялық кеңесі Назарбаевтың жаңа президенттік мерзімі – оның бірінші мерзімі болып саналады деген шешім шығарды. Себебі, мұның алдындағы сайлаулар "жаңа Конституция қабылданғанға дейін өткізілген" деп түсіндірді құрамын Назарбаевтың өзі іріктеп, бекітетін Конституциялық кеңес.

Сайлауға қатыстырылмаған үміткерлер

Елдегі экономикалық реформалардың басында болған, жаппай жекешелендіру, инвестиция тарту шараларын басқарған премьер-министр Әкежан Қажыгелдин 1997 жылы күтпеген жерден "денсаулығына байланысты" отставкаға кетті. Көп ұзамай ол "авторитар басқару жолуына түсті" деп Назарбаевты сынап, президенттікке кандидат болып сайлауға түсуге ниеті барын байқатты. Кей сарапшылар 1998 жылдың күзінде мерзімінен бұрын сайлау өткізу ұсынысы Қажыгелдинге бола жасалды деп санайды.

Президенттік амбициясы бар, жас саясаткер сайлауға түсуге ниеттенгенімен, "әкімшілік құқық бұзғаны үшін" сайлауға қатыстырылмады. Саясаткерлер Қажыгелдиннің, кейін басқа да оппоненттердің түрлі сылтаумен сайлаудан, партиясын тіркеуден, жалпы ашық күрестен шеттетілуі авторитаризмді одан сайын орнықтыруға себеп болды деп санайды.

Ғалымжан Жақиянов "президенттің легитимдігі үшін", "келешекке үлгі болу үшін" кандидаттарды тіркеп, сайлауды әділ өткізу қажет екенін Назарбаевтың өзіне ескерттім дейді.

– "Сайлау заңы бойынша мүмкіндігінше үміткерлердің барлығын тіркеу керек. Сайланып жатсаңыз, сонда ғана сіздің легитимдігіңіз болады. Заңнан бұрын, сіздің президент болғаныңызды қоғам мойындайды. Ана сылтау, мына сылтаумен біреуді қағып тастап, екіншісін өткізіп жатсаңыз, ертеңгі күні бұл тұрақсыздық тудырады" деген жеке пікірімді айтқанмын. Сол кезде сайлаудың нәтижесін бұрмаламай, дұрыс көрсеткен жағдайда тұрақтылық, қоғамның сенімі мықты болар еді, ең бастысы – келешекке үлгі ретінде қалушы еді, – деді Жақиянов Азаттыққа.

Төлеген Жүкеевтің пікірінше, 1999 жылғы сайлау кезінде Назарбаевты қолдайтындар 50-60 пайыз болған, яғни Назарбаев бәрібір жеңілмес еді. Ал Қажыгелдин біраз дауыс жинап, елді соңынан ерте алар еді. Бірінші президент "аты шыққан, халықтың алдына шығып сөйлейтін, аз да болса өзін көрсетіп, Назарбаевқа бәсеке тудыратын адамдарды сайлауға жолатқан жоқ" деді Жүкеев. Оның сөзінше, келесі сайлауларда науқан тым сұрықсыз болмауы үшін саяси технологияны пайдаланып, саяси сахнаға жалған бәсекелестер шығаруға көшкен.

95, 97 пайыз... "Елбасы" мәртебесі

2005 жылғы 4 желтоқсанда өткен үшінші сайлауға 5 үміткер қатысып, сайлаудың ресми қорытындысы бойынша 91 пайыз дауыс алған Нұрсұлтан Назарбаев тағы да озды.

Ал 2007 жылғы мамырда Конституцияға тағы да рет өзгеріс енгізіліп, президенттің өкілет мерзімі 7 жылдан 5 жылға қайта қысқартылды. Есесіне "бір адам қатарынан екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайды деген ереже Нұрсұлтан Назарбаевқа жүрмейді" деген бап енгізілді. Кейін Назарбаевқа "тұңғыш президент – елбасы" деген ерекше статус берілді.

2011 жылы сәуірде, 2015 жылы сәуірде тағы екі сайлау түрлі себептермен мерзімінен бұрын өткізілді. Бұл сайлауларда Назарбаев 95 және 97 пайыз дауыс жинады.

Саясаттанушы Нығмет Ибаділдиннің Азаттыққа айтуынша, 1990 жылдары Назарбаевтың "билікті қолына шоғырландырып", ұзақ отыру мақсаты болмаған сияқты, ол сол сәттегі қалыптасқан жағдайға қарай әрекет еткен.

– Ол басында жоспарсыз әрекет еткен сияқты. Қажыгелдинді сайлауға қатыстырмай қою сияқты әрекеттері жоспарланған болса да, олар бір электоралдық циклға, 3-4 жылға бағытталған. 1990-жылдары ол қысқа мерзімге жоспар құрса, 2005-2006 жылдан бастап өмірінің соңына дейін отыруды ұйғарған сияқты, – деді Ибаділдин.

Тағдыры әркелкі болған "тегеурінді қарсыластар"

Назарбаев билікте отырған ұзақ мерзімінің әр кезеңінде оған тегеурінді қарсылас көп болды. Олардың әрқайсының тағдыры әртүрлі болды дейді сарапшы Ибаділдин.

– Совет заманында Еркін Әуелбеков, Зақаш Қамалиденов болса, жаңа парламент келіп, 1991 жылғы тәуелсіздіктен соң Олжас Сүлейменов шықты, артынан Әкежан Қажыгелдин, 2001 жылғы ҚДТ өкілдері, одан соң, әрине, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділов, 2007 жылғы Рахат Әлиев бүлігі. Олар оның әлсіз кезін, әркелкі кейпін көрді, оған қатысты компроматтары да болды, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, 2005-2006 жылдары Нұрқаділов пен Сәрсенбайұлының қазасынан соң басқалар "қатты кетсе өлім құшуы мүмкін екенін" түсінген. Ал 2011 жылға қарай Назарбаевтың саяси оппоненттері түгелдей жоқ болды.

Назарбаев 2017 жылы шыққан "Тәуелсіздік дәуірі" кітабында билік жиі пайдаланатын риторикаға сүйеніп, 1990-жылдардың басты жетістігі – тыныштық екенін, "қантөгіс болмағанын" ескертеді.

"Өткен жылдарда бізге бәрін қалай жылдам жүзеге асыру керегін үйреткен ешкім болмады әрі постсоветтік дәуірде оны ешкім де жылдам жасай алған жоқ. Алайда біз ең басты құндылық – Отанымыздағы тыныштықты сақтай алдық. Қазақстан Республикасында қантөгіс болған жоқ", – деп жазды Назарбаев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG