Instagram бізге жазылыңыз
ЖАҢАЛЫҚТАР
Минскіде оппозиция кеңесінің екі мүшесі ұсталды

24 тамызда Минск трактор зауытының алдында арнайы жасақ оппозициялық үйлестіру кеңесінің мүшелері Ольга Ковалькова мен Сергей Дылевскийді ұстады. Бұл туралы Азаттықтың Беларусь қызметі хабарлады. "Белсаттың" жазуынша, оларға "рұқсат етілмеген шара ұйымдастырды" деген айып тағылған.
Үйлестіру кеңесі өкілдерінің мәліметінше, Ковалькова мен Дылевскийді әкімшілік іс аясында ұстаған, оларға айыппұл салынуы мүмкін. Екі белсендіні арнайы жасақ дүйсенбі таңертең автозакқа отырғызып алып кеткен.
Минск милициясы оппозиционерлерді әкімшілік іс аясында ұстағанын растады.
Беларусь оппозициясы бұған дейін билікті бейбіт ауыстыру жөніндегі үйлестіру кеңесін құрғанын хабарлаған болатын. Бұл орган президент сайлауына қатысқан оппозиция кандидаты Светлана Тихановсканың бастамасымен құрылған деп айтылады. 24 тамызда үйлестіру кеңесі мүшелерінің баспасөз жиыны өтуі тиіс.
Бұған дейін Беларусь президенті Александр Лукашенко ереуілге шыққан кәсіпорындарды дүйсенбіден бастап жабуды тапсырған еді. Оның пікірінше, бұл шараның ел экономикасына зияны жоқ, есесіне елдегі жағдайды тұрақты етуге көмектеседі. Дегенмен ереуілге шыққан зауыттардың жабылғаны туралы ақпарат түспеді.
24 тамызда Лукашенко наразылықты қолдайтын мектеп мұғалімдерін жұмыстан шығаруды да талап етті.
Беларусьте 9 тамыздан бері Александр Лукашенконың отставкасы және саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылық шаралары жалғасып жатыр.
Жексенбі күні елде "Жаңа Беларусь маршы" өтіп, Минскідегі акцияға кемінде 200 мың адам қатысты. Әлеуметтік желіде жарияланған видеоға сәйкес, бронжелет киіп, қолына Калашников автоматын ұстаған Лукашенко тікұшақпен Минск төбесінен ұшқан.
Басқа да жаңалықтар
Тибет буддистерінің рухани көсемі Далай-лама 90 жасқа толды

Тибет буддистерінің рухани көсемі Далай-лама 6 шілде күні 90 жасқа толды. Қытайдың қарсылығына қарамастан, Далай-лама өзі дүниеден озғаннан кейін де реинкарнация дәстүрі жалғаса беретінін осы аптада растаған, деп хабарлады BBC медиасы.
Жексенбі күні мыңдаған тибет буддисі рухани көшбасшының туған күнін тойлауға Гималайдағы Үндістанның Дхарамсала қаласына жиналған. Тибет күнтізбесі бойынша Далай-ламаның туған күні арнап, оған ұзақ ғұмыр тілеген дұға айту апталығы өткен дүйсенбіде басталған, жексенбіде мерекелік шараға ұласты. Қалың жаңбырға қарамастан дәстүрлі киім киген, екі жағынан екі монах демеп ұстаған Далай-лама көпшілік алдына күлімсіреп шықты деп жазады BBC.
Шараға Үндістан үкіметінің министрлері, Голливуд актері Ричард Гир және мыңдаған діндар буддистер ондаған жылдар бойы қуғында жүрген, әлемдегі бейбітшілікті жақтаушы тұлға ретінде танылған Далай-ламаға құрмет танытуға жиналды.
Осының қарсаңында, сенбі күні өткен салтанатты шарада Далай-лама өз ізбасарларына "денсаулығы жақсы күйде" екенін айтып, тағы 40 жыл, яғни бұған дейін өзі айтқан болжамынан жиырма жылға артық өмір сүретінін жеткізген.
Әдетте туған күнін атап өтпейтінін айтқан Далай-лама дегенмен осы сәтті жан тыныштығы мен жанашырлық жайлы ойлануға себеп еткендерге алғыс білдірді.
Ол өзін "қарапайым будда монахымын" деп атап, 90 жасқа жетіп, өткен өміріне көз жүгірткенде, ештеңеге өкінбейтінін айтқан.
"Материалдық даму үшін еңбек ету маңызды болғанымен, ең бастысы – өзіңе жақын әрі қымбат жандарға ғана емес, баршаға жанашырлық пен мейірімділік арқылы жан тыныштығына жетуге ұмтылу", – деген Далай-лама туған күніне орай жариялаған үндеуінде.
- Тибет діни түсінігі бойынша, жоғары дәрежелі будда монахы қайтыс болғаннан кейін оның жаны сәбидің денесіне ұялап, қайта дүниеге келеді (реинкарнация) деп саналады. Бұған дейін Далай-лама өзінің келесі реинкарнациясы "еркін әлемде", яғни Қытайдан тыс жерде жүзеге асады деп айтқан. Қазіргі XIV Далай-лама ұзақ уақыт бойы Қытай үстемдігіне қарсы тұрып, Тибеттегі диаспораның автономия үшін күресіне жетекшілік етті. 2011 жылы наурызда Далай-лама қуғындағы Тибет үкіметінің саяси жетекшісі қызметінен кететінін, алайда Тибеттің рухани көсемі болып қала беретінін жариялаған.
- Тибетті 1950 жылы басып алып, содан бері билік жүргізіп келе жатқан Қытай оны өзінің ажырамас бөлігі санайды. 1959 жылы Пекиннің өктемдігіне қарсы көтеріліс сәтсіз аяқталғаннан кейін Тибеттен Үндістанға қашқан Далай-ламаны Қытайдың коммунистік билігі сепаратист деп атайды. Пекин Далай-ламаның мұрагері діни салт-жоралғылар мен тарихи дәстүрлерге сәйкес, Қытай заңдары негізінде таңдалуы керек әрі оны Қытай үкіметі мақұлдауы тиіс дегенді алға тартады.
Аятолла Әли Хаменеи 13 маусымнан бері алғаш рет жұрт алдына шықты

Иранның ең жоғарғы рухани басшысы аятолла Әли Хаменеи 5 шілде күні Тегеранда шииттердің Ашура күніне арналған діни шараға қатысты. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Хаменеидің қатысуымен өткен жиыннан түсірілген бейнежазба Иранның мемлекеттік телеарнасынан көрсетілген. Онда 86 жастағы Хаменеидің өзін қолпаштап айғайлаған адамдарға қол бұлғап тұрғаны көрінеді.
Бұл – Израиль Иранға қарсы қарқынды әуе шабуылын бастаған 13 маусымнан бері Әли Хаменеидің алғаш рет жұрт алдына шығуы. 12 күнге созылған қарулы қақтығыс барысында Израиль шабуылдарынан Иранның жоғары лауазымды әскери жетекшілері мен ядролық бағдарламасына қатысы бар делінетін бірнеше ғалымы қаза тапты. Осы уақыт ішінде Хаменеи "қауіпсіз жерде" болған. Кейбір басылымдар, сарапшылардың сөзіне сүйеніп, Хоменеи арнайы бункерде жасырынып отыр деп жазды.
Израиль шабуылдары жалғасып жатқан кезде Иранда Хаменеидің алдын ала жазылып қойылған видеоүндеулерді таратылды, бірақ өзі көпшілік алдына шығып сөйлеген жоқ.
Израиль шабуылына қарымта ретінде Иран Израиль аумағын зымырандармен және дрондармен атқылады. Екі елдің арасындағы қарулы жанжалға 22 маусымда АҚШ араласып, Иранның үш ядролық нысанын бомбалады. Содан екі күннен кейін Иран алдын ала ескерте отырып, Қатардағы америкалық әскери базаға шабуыл жасады.
24 маусымда Израиль мен Иран атысты доғаруды ұсынған АҚШ-тың ұсынысына келісім берді. 26 маусымда жарияланған бейнеүндеуінде Әли Хаменеи Иран Израиль мен АҚШ-ты жеңді деп мәлімдеді. Кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жоғарғы көшбасшысын "масқара өлімнен құтқарып қалғанын" айтты.
Илон Маск жаңадан "Америка партиясы" құрылатынын жариялады

Миллиардер Илон Маск "Америка партиясы" деп аталатын жаңа саяси ұйым құрылатынын хабарлады. Мұндай шешімді ол Х әлеуметтік желісінде өткізген сауалнама қорытындысы бойынша қабылдаған.
"Тәуелсіздік күні – екі партиялы (кейбіреулер бір партиялы дер еді) жүйеден тәуелсіз болғыңыз келе ме деп өзіңізге сұрақ қоюға ең қолайлы сәт!" – деп жазды Маск 4 шілде күні.
Оның айтуынша, бұл мақсатқа жетудің бір жолы – "Сенаттағы екі-үш орынға және Өкілдер палатасындағы сегіз-тоғыз округке шоғырлану" дұрыс болмақ. "Бұл – даулы заңдардың халықтың шынайы еркіне сай қабылдануын қамтамасыз етуге жеткілікті болар еді", – деп мәлімдеді Маск.
Сауалнамаға қатысқандардың 65 пайыздан астамы жаңа партия құруды қолдаған. Келесі күні миллиардер партия құрылатынын ресми түрде жариялады.
Бұл – Илон Маск пен АҚШ президенті Дональд Трамптың арасына жік түскеннен кейін болып жатқан оқиға. Екеуінің көпшіліктің көзінше айтысуы Маск Үкімет тиімділігі департаменті басшысы қызметінен кеткен соң басталған. Ол Трамп ұсынған бюджет және салық жеңілдіктерін ұзарту туралы заң жобасына ашық наразылық білдірді. Трамп "үлкен әрі тамаша заң" деп атаған ол заңға Маск "сұмдық жиіркенішті" деген баға беріп, бұл құжат АҚШ-тың онсыз да орасан зор мемлекеттік қарызын күрт ұлғайтады деп мәлімдеді.
3 шілде күні АҚШ Конгресі осы заң жобасын мақұлдап, Трамп оған Америка Құрама Штаттарының Тәуелсіздік күні қол қойып, заң етіп бекітті.
- Заңда қорғаныс шығындарын ұлғайту, мигранттарды жаппай депортациялауға қаржы бөлу және жалпы құны 4,5 триллион доллар болатын салық жеңілдіктерін ұзарту көзделген. Сонымен қатар, әлеуметтік бағдарламалар – оның ішінде федералды азық-түлік көмегі мен аз қамтылған азаматтарға арналған Medicaid мемлекеттік медициналық сақтандыру бағдарламасы күрт қысқарады. Кейбір сарапшылардың бағалауынша, 12 миллионға дейін америкалық азамат медициналық сақтандырудан айырылуы мүмкін.
- Шығындарды қаржыландыру жасыл энергетика мен электрлі көліктерге арналған субсидияларды жою арқылы ішінара қамтамасыз етілмек. Бұл шешім Трамп пен Маск арасында ашық дау туғызды. Маск бұл әрекетті "болашаққа балта шабу" деп атап, Ақ үйді әлеуметтік желілерде қатты сынға алды.
БАҚ: Техастағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 50-ден асты

CNN телеарнасының хабарлауынша, АҚШ-тың Техас штатындағы су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 51 адамға жеткен, арасында 15 бала бар. Тағы ондаған адам хабар-ошарсыз кеткен, бірақ нақты саны әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
4 шілдеге қараған түні Техастағы Гуадалупа өзені күшті нөсер жауын салдарынан кенеттен арнасынан асып, жойқын екпінмен төңірекке жайылған. Хабарларға қарағанда, небәрі 45 минутта су деңгейі 8 метрге көтерілген. Із-түзсіз кеткендер арасында – өзен жағасында орналасқан Camp Mystic атты христиандық жазғы лагерьде демалып жатқан 27 қыз бала бар.
Жергілікті биліктің мәліметінше, іздестіру-құтқару операциясы барысында 850 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілген.
АҚШ президенті Дональд Трамп зардап шеккендерге федералды көмек көрсетілетін болады деп уәде етті. Техас штатының губернаторы Грег Эбботт төтенше жағдай режимін енгізу туралы жарлыққа қол қойып, құтқару жұмыстарына штат ресурстары "шектеусіз" көлемде тартылатынын мәлімдеді.
Тоқаев елді Астана және Домбыра күнімен, ал оған дейін Назарбаевты мерейтойымен құттықтады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Астана күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлады 6 шілде күні Ақорданың баспасөз қызметі.
"Биыл бұл мереке Домбыра күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Қазақтың қасиетті қара домбырасы Ұлы даланың мыңжылдық бірегей мәдени мұрасын әйгілейді. Ал елордамыз Қазақстанның тұрақты әрі қарқынды өсіп-өркендеуін және жасампаз ұлттың жарқын болашаққа ұмтылысын айшықтай түседі", – деп жазылған ресми ақпаратта.
Тоқаев қазіргі кезде Астана елдің қоғамдық, саяси және іскерлік ордасына айналып, әлемге танылып отырғанын айтқан.
"Астана Орталық Еуразияның жауһары, заманауи Қазақстанның келбеті саналады. Халықаралық қауымдастық бас қаламызды бітімгершілік бастамаларды жүзеге асырып, жаһандық диалог орнату ісінде ерекше рөл атқаратын бейбітшілік шаһары ретінде біледі", – деген Тоқаев.
6 шілде Қазақстанда мемлекеттік мереке – Астана күні ретінде 2008 жылы 25 маусымда қабылданған заңда бекітілген. Ресми нұсқа бойынша, Жоғарғы кеңестің астананы Ақмолаға көшіру туралы 1994 жылғы 6 шілдедегі қаулысы осы мерекеге тарихи негіз болған. Алайда оған дейін маусымның алғашқы онкүндігінде аталып өтіп келген қала күні мерекесінің 6 шілдеге ауыстырылуы және мемлекеттік мереке мәртебесі берілуі кездейсоқ емес деп санайтындар бар.
6 шілде – Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Экс-президент бүгін 85 жасқа толды. Осының қарсаңында Тоқаев бұрынғы президентті құттықтап, деніне саулық тілеген.
"Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта мерейтой иесінің тарихи рөліне тоқталып, оның жаңа дәуірдегі қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрғанын және Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқанын жазған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Тұңғыш Президенттің Қазақстан астанасын көшіру туралы шешімі ел экономикасын өркендетуге және мемлекеттің халықаралық беделін нығайтуға айрықша ықпал еткенін атап өткен", – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі сенбі күні.
Қазақстанды совет кезеңінен бастап 30 жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президент өкілетін мерзімінен бұрын доғарып, өз орнына көп жылғы серігі, сол кезде сенат төрағасы болып отырған Қасым-Жомарт Тоқаевты президент етіп қалдырған. Тоқаев жаңа қызметтегі алғашқы шешімімен мемлекет астанасының атауын бірінші президенттің құрметіне Нұр-Сұлтан етіп өзгерткен. Тек 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың бірқатар артықшылықтары жойылып, оның жеке басын дәріптеу үрдісі тыйыла бастады, сондай шаралардың бірі ретінде мемлекет астанасына бұрынғы атауы қайтарылған.
Ресей Украинаға 150-ден астам дронмен шабуылдады

6 шілдеге қараған түні Ресей Украинаға 157 дронмен шабуыл жасады, олардың 117-сі жойылды, деп хабарлады Украина армиясының әуе күштері.
"Жаудың шабуылшы дрондары 19 нысанға тигені, әуеден атып түсірілген дрондардың 2 жерде құлағаны тіркелді", – деп айтылған ресми ақпаратта.
Харьков қаласына шабуыл салдарынан екі адам – 46 жастағы әйел мен сәби зардап шеккен. "2 ай 8 күндік қыз бала қатты күйзеліске тап болды. Оған медициналық көмек көрсетіліп жатыр", – деді облыстық әкімшіліктің басшысы Олег Синегубов.
Киев облысында үш адам зардап шекті. "35 жастағы ер адам арқасына, аяқ-қолына жарықшақ тиіп жараланды. 79 жастағы әйел мен 75 жастағы ер адам қатты күйзеліске түсті", – деп жазды облыс басшысы Николай Калашник.
Оның дерегінше, дрон шабуылы салдарынан екі көпқабатты тұрғын үй зақымданып, төрт гараж бен бір автокөлік жанып кеткен. Тағы үш көлікке зиян келтірілген.
Түн мезгілінде ресейлік дрондар Запорожье қаласы мен Запорожье ауданына да шабуылдады. Облыс әкімі міндетін атқарушы Иван Федоровтың айтуынша, шабуыл салдарынан жеке кәсіпорынның ғимараты ішінара қирап, қоймадағы мүлік пен ауыл шаруашылығы техникалары бүлінген.
Юрковка ауылында 89 жастағы әйел жараланып, бір тұрғын үй зақымдалған.
Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі Харьков пен Херсонда мұның алдындағы шабуылдардың зардаптарын жоюға барған құтқарушыларға Ресей әскері шабуыл жасағанын хабарлады. Өрт сөндіру көліктері зақымданғанымен, құтқарушылар аман қалған.
Рютте: Қытай Ресейге НАТО аумағына шабуыл жасау жайлы қолқа салуы мүмкін

НАТО бас хатшысы Марк Рютте Пекин Тайваньға қарсы күш қолдануға шешім қабылдаған жағдайда, Қытай басшысы Си Цзиньпин Еуропа назарын Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы жағдайдан басқа жаққа бұру үшін Ресей президенті Владимир Путинге "НАТО аумағына шабуыл жасауды" сұрап қолқа салуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
Рютте бұл пікірін 5 шілде күні The New York Times басылымы жариялаған сұхбатында айтқан. Ол жағдай осылайша өрбуі мүмкін екені жайлы ой барған сайын артып келе жатқанын атап өтті.
НАТО басшысының сөзінше, Пекин мен Мәскеуді тежеу үшін екі басты қадам қажет. Біріншісі – Батыс альянсының бірлескен күш-жігерін "орыстар ешқашан шабуыл жасай алмайтындай етіп" нығайту. Екінші міндетті шара ретінде Рютте Үнді-Тынық мұхиты аймағымен қорғаныс өнеркәсібі және инновация саласында бірлескен жұмысты атады. Оның айтуынша, мұндай ынтымақтастықты АҚШ президенті Дональд Трамп басқаратын әкімшілік белсенді түрде алға жылжытып отыр.
"Біз зор геосаяси сын-қатермен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл ең алдымен – Ресей. Ол кейінгі тарихта бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен қайта күшейіп жатыр. Қазір олар НАТО-ға мүше елдердің барлығы бір жылда шығаратын оқ-дәріні үш есе көп мөлшерде үй айда өндіреді", – деді Рютте.
The New York Times газетіне берген сұхбатта ол НАТО мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа, әсіресе республикашыл Дональд Трамптың Ақ үйге қайта оралуынан кейінгі жағдайға кеңінен тоқталған. Басылымның жазуынша, Трамп ұзақ уақыт бойы НАТО-ға күмәнмен қарап келген, ал президент лауазымындағы бірінші мерзімі кезінде өз елі бұл ұйымнан шығатынын айтып, сес көрсеткен кездері де болған.
Газеттің бір сұрағына берген жауабында Рютте Дональд Трамптың НАТО елдері қорғанысқа биыл ЖІӨ-нің кемінде 2 пайызы мөлшерінде қаражат бөлуі керек деген бұрыннан айтып жүрген талабын орынды көретінін аңғартты.
"Президент Трамп барша мақтауға лайық, өйткені дәл оның көшбасшылығы, биыл 2 пайыз бен 2035 жылға дейін 5 пайызға жету талаптары болмағанда біз бұл мәселеде келісімге ешқашан ол жеткізе алмас едік", – деді НАТО басшысы.
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров маусым айының аяғында Қырғызстанға сапармен барған кезде, НАТО елдерінің әскери бюджеттерін ұлғайтуы "бұл ұйымның күйреуіне алып келеді" деп мәлімдеген. Бұған қоса Лавров НАТО елдері "қиял-ойдан шығарылған қауіп-қатерлерге" сүйеніп шешім қабылдайды деген.
- 2025 жылғы 25 маусымда Гаагада өткен Солтүстік Атлантикалық одақ (НАТО) саммиті қабылдаған декларацияда Ресей Еуроатлантика аймағындағы қауіпсіздікке "ұзақ мерзімді қатер төндіреді" деп айтылған. Одақтастар қорғаныс шығындарын 2035 жылға дейін ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін арттыруға келіскен.
- Пекин Тайваньды өзінің бүлікші аймағы санайды және аралға бақылау орнату қажет деп тапқан жағдайда күш қолдануға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген. Алайда тайвандықтардың басым бөлігі Тайванның де-факто тәуелсіздігі мен демократиялық мәртебесін қолдайды. Аралға байланысты кез келген әскери қақтығыс бола қалса, оған АҚШ араласуы мүмкін, өйткені ол аймақтық коалициялардың мүшесі және АҚШ қабылдаған заңдарға сәйкес, Тайваньға төнген кез келген қауіп "ерекше маңызға ие мәселе" деп қарастырылады.
- Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғысында бейтарап позиция ұстанатынын жариялап, бітімге келуге үндеп жүрген Пекин Мәскеумен белсенді байланыстарын жалғастырып отыр. Екі елдің басшылары – Владимир Путин мен Си Цзиньпин ондаған мәрте кездесіп, 2022 жылдың ақпанында, Ресейдің Украинаға ауқымды басқыншылығы басталардан үш апта бұрын "шекарасыз стратегиялық әріптестік" туралы келісімге қол қойған. Қытай – Ресейдің ең ірі сауда серіктесі, ол Мәскеуге Батыс санкцияларының салдарын еңсеруге көмектесіп отыр.
Ұлыбритания Сириямен дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтірмек

Ұлыбритания Сирияда көп жылға жалғасқан азамат соғысынан кейін бұл елмен дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіретінін мәлімдеді.
"Сирия халқының жаңа үміті оянды. Елдің жаңа үкіметінің күллі сириялықтар үшін тұрақты, қауіпсіз әрі өркендейтін болашақ құру жолындағы міндеттемелерін қолдау – біздің мүддемізге сай келеді", – деп мәлімдеді 5 шілде күні Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми.
Дэвид Лэмми сол күні Сирия астанасы Дамаскіге ресми сапармен барған. Бұл кейінгі 14 жылда Ұлыбритания сыртқы істер министрінің Сирияға алғаш рет келуі. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ол Сирияны қолдауға 95,5 миллион фунт стерлинг бөлуге уәде еткен.
Былтыр желтоқсан айында "Хайят Тахрир әш-Шам" қарулы исламшылдар тобы Сирияда халықты қайғы-қасіретке батырған ұзаққа созылған қантөгіс-жанжалдан кейін Башар Асад режимін биліктен тайдырғаннан кейін Батыс елдерінің Сирияға деген ұстанымы біртіндеп өзгеріп жатыр.
Лэмми Сирияға АҚШ президенті Дональд Трамп Дамаскіге осыған дейін салынған америкалық санкциялар бағдарламасын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған соң бірнеше күннен кейін барды. Вашингтонның ол шешімі Сирияны халықаралық қаржы жүйесінен оқшаулауға нүкте қойып, көп жылғы соғыстан кейін елді қалпына келтіру мүмкіндігіне жол ашты.
Сәуір айында Ұлыбритания да өз санкцияларын жеңілдетіп, Сирияның Орталық банкінің және өзге банктері мен мұнай компанияларын қоса алғанда жиынтығы 23 құрылымның активтерін бұғаттан босатқан. Мұндай қадам инвестиция тартуды ынталандыру мақсатын көздейді. Әйткенмен Сирияның бұрынғы режимінің мүшелеріне Лондон салған санкциялар әлі күшінде.
Сенбі күні Ұлыбритания жариялаған қаржылай қолдау пакеті Сирияға шұғыл гуманитарлық көмек көрсетуді көздейді. Оған қоса, британ үкіметінің мәлімдемесінде бұл көмек білім беру секілді салаларды дамыту арқылы елді ұзақ мерзімді қалпына келтіруге ықпал ететіні айтылған.
Түркияда оппозициялық үш мэр қамауға алынды

5 шілде күні Түркияда оппозициялық Республикалық халық партиясын (CHP) қолдайтын тағы үш мэр сыбайлас жемқорлық ісі аясында қамауға алынды. Жұрт арасында 2024 жылғы жергілікті сайлауда сенімді түрде жеңіске жеткен CHP-ны қолдаушылар күрт артып, президент Режеп Тайып Ердоғанның Әділет және даму партиясының (AKP) рейтингі төмендей бастаған шақта жүргізілген бұл тұтқындаулар – биліктің оппозициядан сайланған адамдарға көрсетілген қысым науқанының келесі кезеңі іспеттес болып отыр.
Жаңа тұтқындауларға ілік болған тергеу бұған дейін Стамбұл қаласының мэрі, Ердоғанның басты саяси бәсекелестерінің бірі және 2028 жылғы президент сайлауында CHP кандидаты болады делінген Экрем Имамоғлының қызметінен шеттетілуіне алып келген болатын. Биыл наурыз айында Имамоғлының тұтқындалуы бүкіл ел бойынша 2013 жылдан бергі ең ауқымды наразылықтарға себеп болды. Оппозицияны қолдайтын аймаққа жататын Измир қаласында осы аптаның басында полиция 120-дан астам адамды ұстаған.
5 шілде күні ұсталғандар арасында – оңтүстіктегі Адана қаласының мэрі Зейдан Қаралар, Анталия курортты қаласының мэрі Мұхиттин Бөжек және оңтүстік-шығыстағы Адыяман қаласының мэрі Абдуррахман Тұтдере бар. Anadolu агенттігінің мәліметінше, Адана мен Адыяман мэрлері тендерлер өткізу барысында жасалған болуы мүмкін алаяқтық пен пара алу оқиғаларына байланысты қозғалған іс аясында тергеуге алынған. BirGün сайты Бөжек Анталия прокуратурасы бастаған бөлек тергеу ісі аясында қамауға алынған деп хабарлады. Онымен бірге ұлы да тұтқындалған.
Оппозиция көшбасшылары биліктің бұл әрекеттерін айыптады. Анкара мэрі Мансұр Яваш: "Егер елдегі заң саяси мүдделерге бағынышты болса, ал әділдік іріктеп қана қолданылса, онда әділет жүйесіне сенім жайлы айтудың өзі артық", – деп мәлімдеп, әділетсіздік пен саяси қысымға CHP өкілдері көнбістік танытпайтынын айтты.
Сенбі күні Анкарада 2023 жылы өткен CHP съезінде дауыс сатып алынған деген күдікпен қозғалған істің тыңдауы жалғасты. Бұл іс көктемдегі наразылықтардан кейін жұрт арасында кең қолдауға ие болған партияның қазіргі жетекшісі Өзгүр Өзелді сайлаған шешімнің күшін жоюға алып келуі мүмкін дейді бақылаушылар.
Росстат Ресейдегі демография статистикасын құпияландырды

Мемлекеттік статистика федералды қызметі Ресейдегі демографиялық ахуал жөніндегі деректерді жариялауды доғарды.
Ресейдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына шолу дейтін шығарылымның осы аптадағы нұсқасында мамыр айына арналған "Демография" бөлімі жоқ. Бұл дерек Росстат сайтынан да табылмады. Сайтта демография деректері соңғы рет наурыз айында жарияланған.
Бұл бөлімде табиғи өсім, елден кеткендер, туу және өлім көрсеткіштері, неке және ажырасу сандары, миграция деректері және жалпы халық саны жарияланатын.
Мамыр айында Ресейде жұмыс істейтін демографтар билік жасырған статистиканы қызметтік мақсатта ғана ала алатыны, ол үшін қол қоятыны хабарланған. Бұл туралы демограф Алексей Ракша мәлімдеген. Росстат демография деректерін жариялауды тоқтатқанына алғаш болып назар аударғандардың бірі осы демограф болатын. Кейін Ресей әділет министрі Ракшаны "шетел агенттері" реестріне қосты.
Трамп: Украинаға Patriot жүйесі керек

Украина президенті Владимир Зеленскиймен жұма күні телефон арқылы сөйлескен АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға қорғаныс үшін Patriot зымыран жүйесі қажет деп мәлімдеді.
"Зеленскиймен жақсы әңгімелестік" деді Трамп журналистерге Air Force One президенттік ұшағына мінер кезде. Зеленский сұраған Patriot кешені туралы сұраққа Трамп: "Бұл оларға қорғаныс үшін қажет... Өйткені оларды қатты атқылап жатыр" деді.
Ақ үй басшысы әуе шабуылынан қорғайтын Patriot жүйесін жоғары бағалап, "тамсандырар қару" деп атады.
Украина осыған дейін АҚШ-қа бірталай мәрте жүгініп, қосымша Patriot жүйелерін сұраған. Киев бұл қару Ресей дрон және зымыран шабуылдарынан қорғануда маңызды рөл атқарады деп санайды. Трамп пен Зеленский арасында болған әңгімеден хабары бар дереккөз Reuters агенттігіне пікір білдіріп, әңгіме "өте жақсы сипатта" болғанын, Украинаға Patriot кешендерін беруді қайта қарау жөнінде үміт пайда болғанын айтты.
Вашингтон жақында Украинаға кей қару түрлерін беруді доғарғаны хабарланған. Оның ішінде Patriot зымыран жүйелері де аталды. Бұл хабар Киевті алаңдатып қойған. Германия қазір АҚШ-пен келіссөз жүргізіп, Patriot жүйелерін Украина беру мақсатымен сатып алу мәселесін талқылап жатыр. Әлі нақты шешім қабылданған жоқ.
СІМ-дегі ауыс-түйіс: Тоқаев елшілер мен вице-министрді тағайындады

5 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер вице-министрі Роман Василенконы қызметінен босатып, оны Еуропа Одағының жанындағы және НАТО-дағы Қазақстан өкілдігінің басшысы етіп тағайындады.
Ал Астананың Таиландтағы елшісі Арман Исетов сыртқы істер вице-министрі қызметіне тағайындалып, елге оралатын болды.
Сыртқы істер министрлігінің жазуынша, 1975 жылы Қостанай облысында дүниеге келген Исетов 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, мансап жолын осы министрліктен референт болып бастаған.
Содан бері министрлікте және Қазақстанның шетелдегі өкілдіктерінде лауазымды қызмет атқарған. 2022 жылдан бері Қазақстанның Таиландтағы елшісі болды.
Роман Василенко 1972 жылы Шымкент қаласында туған. 1994 жылы ол Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің Экономика, қаржы және құқық әскери академиясын бітірген. Қызмет жолын Қазақстан президенті аппаратынан бастап дипломатиялық ведомствоға дейін түрлі мемлекеттік мекемеде жұмыс істеген.
Василенко 2016-2019 жылдары сыртқы істер министрінің орынбасары, 2019-2022 жылдары Қазақстанның Словакиядағы елшісі болды. 2022 жылғы қаңтардан бері сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ержан Елекеевті Қазақстанның Кувейттегі елшісі қызметіне қойды. 1986 жылы Ақтау қаласында дүниеге келген Елекеев 2007 жылы Қазақстан-Британ техникалық университетін, 2011 жылы Глазго университетін тәмамдаған.
Ержан Елекеев 1986 жылғы 2 сәуірде Ақтау қаласында дүниеге келген. 2007 жылы Қазақстан-Британ техникалық университетін бітірген. 2011 жылы Глазго университетінде магистр дәрежесін алды. Ұлттық компанияларда, қаржы институттарында жұмыс істеген ол 2024 жылғы наурыздан бастап "Kazakh Invest" ҰК" АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған. Ержан Елекеев – Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болған Ирак Елекеевтің ұлы.
Армения Ресей ақпарат құралдарындағы сөздерге наразылық нотасын жолдады

Армения сыртқы істер министрлігі Ресейдің Еревандағы елшісі Сергей Копыркинге наразылық нотасын табыстады. Армян министрлігінің сөзінше, нотаға Ресей телеарналарында Армения билігі жөнінде достыққа жатпайтын сөздер айтылғаны түрткі болған.
Министрлік ресейлік арналарды Армения үкіметіне қарсы "қастық пропаганда" жүріп жатыр, оны ресейлік шенеуніктер, депутаттар, сарапшылар және БАҚ қоздырып отыр дейді.
Ереван мұндай сөздер кейінгі екіжақты кездесулердің оң нәтижесін жоққа шығарады деп отыр.
"Бұл мәлімдемелерге қарасақ, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған адамдарды қамау "Армения премьерінің достыққа жатпайтын кезекті қадамы" деп қарастырылады екен. Мұндай мәлімдемелер қисынға келмейді. Мемлекеттік төңкерістің алдын алу қалай және не үшін достыққа жатпайтын қадам саналатыны түсініксіз. Бұл – Арменияның ішкі ісіне дөрекі түрде қол сұғу" деді Армения сыртқы істер министрлігінің өкілі Ани Бадалян.
Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова РБК басылымына осы жөнінде пікір білдіріп, нотада "Ресей саясаткерлері мен қоғамдық қайраткерлерінің діни сенім еркіндігін қолдайтын" сөздер барын, бұл сөздер "Никол Пашинян үкіметіне ұнамай қалғанын" айтқан.
2025 жылғы маусымда Армения билігі мәлімдеме жасап, 2024 жылғы наразылық кезінде құрылған "Қасиетті күрес" қозғалысы жақтастары жасамақ болған мемлекеттік төңкерістің алдын алдық деп хабарлаған. Алдын алу шарасы кезінде қозғалыс лидері әрі Армян апостол шіркеуінің епископы Баграт Галстанян мен оның жақтастары тұтқындалған. Мұның арты көшедегі наразылық пен қақтығыстарға ұласты.
Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян Ресей шенеуніктерін Арменияның ішкі ісіне қол сұқпауға шақырды. Кремль өкілі Дмитрий Песков жауап қатып, Мәскеу бұған құлықты емесін, бірақ Ресейдегі миллиондаған армян оқиғаны бақылап отырғанын айтты.
Зеленский мен Трамп телефон арқылы сөйлесті

Украина және АҚШ президенттері Владимир Зеленский мен Дональд Трамп телефон арқылы сөйлесті.
"Президент Трамп ақпаратқа өте қанық. Украинаға деген көңілі үшін рахмет. Әуе қорғанысының мүмкіндіктерін талқылап, аспанды қорғауды ұлғайту жөнінде жұмыс істейміз деп келістік. Командаларымыздың қарымта кездесуі жайлы келістік" деп жазды Зеленский Telegram-да екіжақты әңгіменің маңызды әрі пайдалы болғанын атап өтіп.
Зеленскийдің сөзінше, ол сондай-ақ Трамппен АҚШ пен Украина арасындағы ортақ қорғаныс өндірісі мүмкіндіктерін, сауда және инвестиция мәселесін талқылаған.
Трамп пен Зеленскийдің сөйлескенін Axios басылымының тілшісі Барак Равид те хабарлады. Ол сөйлескен адам әңгіме 40 минутқа ұласқанын, жақсы сипатта өрбігенін айтқан. Тілші дереккөзінің сөзінше, Трамп пен Зеленский Ресей күштерінің Украинаға шабуылы үдегенін, Киевке әуе қорғанысы жүйелерін беру мәселесін талқылаған. Санаулы күн бұрын америкалық БАҚ өз дереккөздеріне сүйеніп, АҚШ Украина бірнеше қару түрін беруді тоқтатты деп хабарлады. Оның ішінде Patriot әуе қорғаныс кешені де аталған.
Бейсенбі, 3 шілде күні Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен. АҚШ президенті болған әңгіме "ешқандай прогресс әкелген жоқ" деп, Украинадағы жағдайға "разы емесін" айтты.
Кремльдің хабарлауынша, Трамптың алаңдаушылық білдіргеніне Путин жауап беріп, Мәскеу "Арнайы әскери операция мақсаттарынан тайынбайтынын" айтқан.
Осы сөйлесуден кейін Ресей Киевке ауыр соққы жасап, кемі бір адам қаза тапты, 20-дан астам адам жарақат алды.
Росфинмониторинг "террористер тізіміне" 14-жасар оқушыларды қосқан

Ресейдің қаржы операцияларын бақылайтын "Росфинмониторинг" қызметі "террористер мен экстремистер" тізіміне Орынбордан шыққан 14-жасар екі жасөспірімді – Әмір Шағатов пен Тимофей Лубенецті енгізген. Бұл туралы "Медиазона" хабарлады.
Басылымның жазуынша, Әмір Шағатов – 2011 жылы туғандар арасында алғашқы болып осы тізімге енгізілген адам.
"Росфинмониторинг" реестрі жаңартылғанын тіркеп отыратын телеграм-арнаны жүргізетін сарапшы Иван Шукшин тізімдегі екі жасөспірімнің есім-сойының тұсына "жұлдызшалар" қойылғанына назар аударған. Ондай белгі ол адамның үстінен терроризм бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын білдіреді.
Құқық қорғау органдары екі жасөспірімнің ұсталғаны жөнінде ресми түрде хабарлаған жоқ.
Әмір Шағатовтың әкесі Төлеген "Агентство" басылымына ұлының "үйқамақта екенін әрі оған елден шығуға тыйым салынғанын" айтқан. Бұл – екі бөлек бұлтартпау шарасы, заң бойынша бұл екі шара бір мезгілде қолданылмауға тиіс. Төлеген Шағатовтың сөзінше, жетінші сыныпта оқитын ұлы анасының қолында тұрады, ал әкесімен тек каникул кезінде ғана көріседі. Ол ұлына қандай айып тағылып отырғанынан бейхабар екенін айтқан.
Әмір Шағатов пен Тимофей Лубенец бір іс бойынша өтіп жатыр ма, әлде екі бөлек пе, ол жағы белгісіз. Алайда "Агентство" олар бір-бірін тануы мүмкін деп топшылайды. Басылым бұл екеуімен қатар "Росфинмониторингтің" "террористер мен экстремистер" тізіміне Орынбор облысынан тағы бір жасөспірім – 16 жасар Вадим Тукашев те енгеніне назар аударған.
ПІКІРЛЕР